

«Наурыз» мерекесіне арналған ерлеңгілігі
Зал іші наурыз меркесіне арнайы жасалған.
Әдемі әуен ойнап тұрады.
1-жүргізуші:
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын!
2-жүргізуші:
Ұлы күні ұлыстың,
Басы болғай ырыстың.
Қымбатты қонақтар, баршаңызды жақсылықтың лебізіндей жыл құсымен бір келер Наурыз мерекесімен құттықтаймыз. Ұлыстың ұлы күнін қазақ халқының ұлттық биімен ашқымыз келіп отыр.
Би: «Қазақ биі»
1 бала:
Армысыңдар халайық,
Әркез аман болайық.
Наурыз тойын қуанып,
Жылды қарсы алайық.
2 бала:
Жылдың басы наурыз,
Жырдың басы наурыз.
Наурызға арналсын,
Бүгінгі жыр әніміз.
«Қош келдің, төрлет Наурызым!»
1 жүргізуші:
Балалар кімнің ойы ұшқыр екен, жұмбақ шешіп корейік:
Жұмбақ:
Сәбиге сән үй,
Әжеге ән күй. /бесік/
Төрт бұрышты,
Бір ауызды. /сандық/
Шыр көбелек айналар,
Беліне жіп байланар. /ұршық/
Тәрбиеші: Балалар сендер қандай тыйым сөздер білесіңдер? Бір ойын ойнап көрейік.
Шарты: Бес бала ортаға малдас құрып дөңгеленіп отырады. Бір-біріне жіпті бере отырып тыйым сөздер айтады: Мысалы: үйде ысқырма, үлкеннің алдын кеспе, тіліңді шығарма, бетіңді баспа, құстың ұясын бұзба, суға түкірме, бір қолмен нан үзбе.
Қонаққа әже келеді: Амансыңдарма балаларым, наурыз мерекелерің құтты болсын! /Әжені орындарынан тұрып қарсы алады./ Амансызба әже төрлетіңіз! Ұлыстың ұлы күні наурыз мерекесі құтты болсын!
Әже балаларға наурыз көжесін ұсынады.
Тәрбиеші: Әже наурыз көжені қалай дайындайды?
Әже: Наурыз көже Наурыз мейрамының негізгі тағамы. Оған жеті түрлі тағам қосылады. Қыстан қалған сүр ет, айран, сүт, тұз, құрт, тары, бидай. 7 саны киелі сан. Ал, наурыз көже тоқшылық белгісі.
Балалар: Әже біз наурыз көже туралы тақпақтар білеміз.
1 бала:
Бата беріп атамыз,
Бата беріп әжеміз.
Тәтті болып жасаған,
Көжеден дәм татамыз.
2 бала:
Арпа, бидай, тары бар,
Қатық, малта тағы бар.
Ішілетін, жейтіннің,
Бұл көжеде бәрі бар.
3 бала:
Наурыз болсын сәніміз,
Наурыз болсын әніміз.
Наурыз көже көп ішсек,
Жасарамыз бәріміз.
Тәрбиеші: Датарханымыздан ешқашан ырыс береке кетпесін дей отырып кезекті «Дастархан» әнімізге берейік.
Әже: Өздерің өнерлі екенсіңдер, рахмет балаларым! Біздің халық салт-дәстүрге бай халық. Сол дәстүріміздің бірі бесікке салу рәсімін көрсетейін. Бұл бесік, көрпесі, жастықшасы, баулары, аяқбауы, жөргегі, түбегі, шүмегі болады. Осыларды дайындап алып бесікті отпен аластаймыз.
Алас алас алас
Бар пәледен алас
Ағынды сумен кетсін
Алас, алас, алас
Енді сәбиді жатқызамыз. /Тыштыма рәсімін көрсетеді/
Сәби тыныш ұйықтасын деп бесік жырын айтады.
Әлди әлди ақ бөпем,
Сендей сәби жоқ көкем.
Анам, әжем дейсің бе,
Тілің сенің тәтті екен
Әлди, әлди, әлди
Тәрбиеші: Әже сізге көп-көп рахмет. Біздің балалар сізден көп нәрселер үйренді. Сізге арналған әдемі билері бар.
Би: «Құстар»
Ал енді күш сынасуға, әркімнің өз ептілігін сынауға уақыт келіп жетті.
Ойын: «Бүркіт»
Шарты: Ойнаушылар жүресінен отырып, екі аяғының аралығынан екі қолын жерге тіреп, еңкейіп жердегі орамалды түйіншегінен аузымен іліп алу керек.
Әже: Ал, Қарақтарым мен енді қайтайын басқада ауылдарға баруым керек. Қош сау болыңдар. Келесі наурызға аман-есен жетейік.
Балалар: Сау болыңыз әже.
Тәрбиеші: Батаменен ел көгерер, жаңбырменен жер көгерер –дегендей Ұлан бізге бата берсін.
Бата:
Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!
Қайда барсаң, жол болсын!
Төрт-түлік ақты болсын!
Бәле –жәле жерге енсін!
Әумин!
Тәрбиеші: Балалар тобымызға барып әжеміз әкелген наурыз көжеден дәм татайық.